«ӨНЕРГЕ ЖАҚЫН ГҮЛДЕЙ КӨРКЕМ ӨРІМТАЛ»
«Оқу – білім бұлағы, Білім – өмір шырағы» деген ұстанымдағы өрелі өрен Айханым Нұркенқызы
2009 жылы 13 сәуірде қасиетті де киелі мекен Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында жылуы мол үлкен отбасында дүниеге келеді. Ұлағаты мен шапағаты мол қазыналы қарттардың саялы құшағында еркелей өсіп, тәлімді тәрбие алады. Үлкен атасы Кемалиев Нұрберген Нұрлыбайұлы 50 жыл ұстаздық қызмет атқарған абыройлы азамат, бүгінде еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, еліміздің Құрметті азаматы. Үлкен әжесі Өмірбердіқызы Ермек он саусағынан өнері тамған айтулы шеберлердің бірі болатын. Құрмет тұтар ата-әжесі Бекболат пен Шынар – мұнай саласының майталмандары, еңбегімен елге танылған абыройлы жандардың қатарында. Кісілігі мол әкесі Нұркен мен шуағы мол анасы Әлия да мұнай саласының білімді де білікті мамандары, жарасымды жұп. Отбасын басты байлыққа санайтын Айханымның алдында үлгі
тұтар жанашыр әпкесі Ақбота мен ізінен ерген інісі Абдурахман бар. Бауырлар өзара өте тату, ұйымшыл. «Оқымаған бір бала, оқыса екі бала» деген қағиданы басшылыққа алған Бекболат Айханым қазіргі таңда Жаңаөзен мектеп-лицейінің 5 «А» сыныбында білім баспалдақтарымен жоғары өрлеуде. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, сынып жетекшісі, білікті маман Орынбаева Арманның жетекшілігімен жақсы қасиеттерін дамытып, белсенділігі артып келеді. Ынталы, зерек, ізденімпаз шәкірттің барлық ұстаздарына айтар алғысы шексіз. Салауатты өмір салтын ұстанатын Айханымның жетістікке жетуге деген ынтасы жоғары, арманы асқақ, мақсаты биік. Руханиятқа жақын, білімге құштар Айханым өнерге де біртабан жақын, домбыра тартып, ән де айтады.
Жетістігі: 2017-2018 оқу жылында мектепішілік «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» атты апталық аясында «Туған жер – қыдырың, туған ел – тұғырың» атты Мәнерлеп оқу сайысының ІІ орын жүлдегері, Мадақтама иегері атанды. 2018 жылы қабілетті шәкірт «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Ақ бота» интеллектуалдық марафонының І дәрежелі Дипломын иемденіп, Менталды арифметикадан қалалық олимпиаданың ІІ дәрежелі Диплом иегері атанып, мерейі үстем болды.
Сүйікті ісі: Қазақ поэзиясы жыр маржандарын мәнерлеп оқуды, сурет салуды, қолөнермен айналысуды ұнатады. Домбыра тарту – жанына жақын өнер түрі.
Арманы: Сапалы білім ала отырып, жоғары білімді маман атану. Өз ісінің шебері, білікті маман, атақты дизайнер болу – басты арманы.