Жас буын – өзіндік ерекшелігі бар жеке тұлға. Тек оны тани білу, таныта білу – ұстаз, мектеп, қала берді ата-ананың қолында. Барлық баланың жүрек түкпірінде жақсы оқысам, ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтап, биіктерден көрінсем деген арман ұшқыны болады. Адам санасындағы ғылым, білім, өнер, шығармашылық туралы түсінік мектеп қабырғасынан басталады. Сауатын енді ашып, қолына қалам ұстап, санауды, әріп тануды енді ғана үйрену үстіндегі өрен – білімін кеңейтумен қатар, қоршаған ортаны білуге де ұмтылады.
Қызығушылығы артқан үстіне артып, мектептің әрбір сыныбын сатылай бітірген сайын, жарыстарда топ жарып, ізденуге бет бұрады. Міне, осы кезеңдердің барлығынан сүрінбей өтіп, білім көкжиегін бағындырып жүрген Уразбаева Аягоз Базарбайқызының шығармашылық пен оқуға деген көзқарасы қатарластарына қарағанда әлдеқайда озық.
Дарынды шәкірт Уразбаева Аягоз – көрікті жерлері мен тарихи ғимараттары мол айдынды Атырау қаласының төл перзенті. 2007 жылы 1 маусымда дүние есігін ашады. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дейді дана халқымыз. Перзенттеріне өнегелі тәрбиесін көрсетіп отырған ата-анасы – «Балаларым – базарым» деп отырған парасатты жандар.
Асқар тау әкесі Уразбаев Базарбай мен қымбатты анасы Жумағалиева Алуа – жоғары білімді мамандар, өзгелерге жан жылуымен, татулығымен танылып жүрген жүрген жарасымды жұп. Балапандарының да болашағының жарқын болып, саналы азамат етіп қалыптасуына бар мүмкіндіктерін жасап келе жатқан ата-анасы перзенттерінің білімді, рухани сана-сезімі жоғары болып өсуін қалайды.
Көпшіл, мейірімді, зерек Аягоз – отбасының екінші перзенті. Алдындағы ақылшы апасы Ботагөз №13 ұлттық мектеп-гимназиясының 6-сыныбын үздік бітіріп, дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейіне шәкірт болып қабылданды. Білімсүйгіш Ботагөз Базарбайқызы қазіргі кезде аталмыш білім ордасының 9-сынып оқушысы. Сіңлісіне жақсы үлгі көрсетіп жүрген жанашыр әпке, бауырмал қыз Ботагөз – оқу үздігі, жан-жақты жетіліп келе жатқан заманауи жас.
Екі жасынан бастап алғашқы дүниетанымдық қабілетін Балықшы ауданының «Рауан» балабақшасында жетілдірген «балапан Аягоз» балабақша қабырғасында ерекше қырымен танылды. Түрлі қалалық, облыстық байқауларға қатысып, алғашқы жетістіктеріне де қол жеткізді. Қалалық «Айгөлек» балалар шығармашылығы сайысына қатысып, өнерімен ерекшеленіп, І орын жеңімпазы атануы да өнерлі өреннің жеке дарыны мен қабілетін айқындай түскендей.
«Балабақшаның үздік тәрбиеленушісі» атанған зерделі, алғыр Аягоз Базарбайқызы 2014 жылы арнайы жолдамамен №13 ұлттық мектеп-гимназиясының 1-сыныбының партасына отырып, білім әлемінің есігін ашты.
«Білген адам білімді өмір бойы іздейді», – дейді ойшыл Ахмет Иүгінеки. Осы қағиданы бала кезінен жадында ұстап, оқу мен білімге ден қойған Уразбаева Аягоз – үздік оқушы, мектеп мақтанышы. Достарына адал, сынып белсендісі.
«Шығармашылық дегеніміз – идея, қозғалыс, даму, жетілу, жетістік, мақтаныш», – деп есептейді зерек шәкірт. Сондықтан да болар, алғашқы сыныптан бастап белсенділік танытып келеді. Ол үздік оқумен қатар, ғылыми ізденіс үстінде де өзін жетілдіріп жүр. Бастауыш білім беру сатысында математика пәнінен өткен олимпиадада алғырлық танытып, озат білімімен танылып, І дәрежелі диплом иегері атанды. «Жас Ұлан» ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген жас қырандар арасындағы «Менің отбасым» атты байқауына қатысып, Бас Жүлде иегері атанады.
Аягоз Базарбайқызы 1-7-сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобасының «Зерде» конкурсында тарих, өлкетану секциясында өз шығармашылығымен ерекшеленіп, «Қазақтың ырым-тыйым сөздері» тақырыбындағы зерттеу жұмысы жоғары бағаланып, қалалық білім бөлімінің І дәрежелі дипломымен марапатталса, «Зерде» облыстық конкурсында жүлделі ІІІ дәрежелі дипломына ие болып, терең білімі мен ғылыми ізденімпаздық қабілетін көрсетуде де дараланды.
«Оқу – білім шырағы, білім – өмір шырағы» деген ұстанымдағы математикалық қабілеті ерекше дарынды шәкірт Уразбаева Аягоз – MATHEMATICS WITHOUT BORDERS сертификатының иегері.
«Адамды адам еткен кітіп, Адамзат еткен кітапхана» демекші, рухани байлығын арттыру үшін үнемі кітап оқуды әдетке айналдырған Аягөз кітап оқып, таза ауада серуендегенді, би билеуді, музыка тыңдауды ұнатады.
Кемел келешегінде қиялы ұшқыр, ойы жүйрік өрен оқуын жақсы бітіріп, жоғары білім алып, бірнеше тілді меңгеріп, ата-анасының мақтанышына айналуды армандайды. Жоғары білімді білікті маман болып, Ұлы Қазақ Еліне тамшыдай болса да пайдамды тигізсем дейтін жігерлі шәкірт Аягөздің мақсаты айқын, жоспары мығым.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр» деген болатын. Ендеше, мектеп сапалы, ұстаз шебер болғанда ғана елімізде білімді де білгір, талапты да талантты ұрпақ көбейе түсері анық. Әрине, оған жайлы отбасы мен бейбіт қоғамның да үлес зор. Бұл тұрғыдан келгенде, Базарбайқызы Аягоздің жолы ашық, жұлдызы жарық болары сөзсіз.
Жетер жетістіктеріңнің алда екеніне сеніміміз мол. Толайым табыстарға жете беруіңе тілектеспіз. Биік шыңдарға алып шығар қанатың талмасын, жас дос!