Ергабыл Айзада

Рейтинг:
    Әкесіне жұлдыз, анасына құндыз, ұстазына дарынды шәкірт Ерғабыл Айзада Жасқайратқызы – ақ айдында балығы тулаған, жер астынан мұнайы атқақтаған өңірдің тумасы.
    Табиғат – ана қысқы ұйқысына енді ғана оянып жатқан сонау 2005 жылдың 10 наурызында Атырау қаласында отбасының берекесін арттыра дүниеге келген күндей көркем сәби бұл күндері елінің ертеңі.
    Өскенде діттегеніне жетпей қоймайтын бала боларын білдірген Айзада небәрі 2 айлығынан бастап 3 жасына дейін асыл әжесінің алақанында гүлдей жайқала өсіп тәрбиеленсе, кейін қаладағы №21 «Алтын кілт» балабақшасындағы жылы жүректі тәрбиешілердің қарамағындағы мектепке дейінгі білім мен тәрбиені қатар алды. Мектепалды даярлық тобынан бері 7-сыныпқа дейін №16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейінде дәріс алып, ақ арманымен айға қол созған дарынды қыз Жолдасқали Досмұхамбетов атындағы облыстық интернат мекемесі бар лицейдің дара шәкірті.
    Алғашқы мүшел жасты толғалы, болашағы жайлы кеңінен ойланып, тұшымды пікір, терең ойымен ұстаздарының таңданысын тудырып жүрген Айзаданың осы кезге дейін алған асулары, оқушылық белестері теңізден терең, дариядан кең.
     2011-2016 оқу жылы аралығында №16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейін де өте жақсы оқып, кілең бестік бағалармен күнделігін толтырған оқушы – «Оқу озаты» белгісінің иегері. Оқу-білім алуда талабы мықты Қазақстан болашағының интеллектуалдық сайыстардағы марапаттарына тоқталар болсақ, 2016 жылы «Nalanda» халықаралық деңгейдегі қашықтықтан өткен олимпиадада қазақ тілінен ІІ орын, орыс тілінен І орын, математикадан ІІ орын, информатикадан ІІ орын жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, 2017 жылы «Ақ бота» республикалық интелектуалдық марафонынан І орын, 2018 жылы республика оқушылары арасында өткен олимпиада барысында математика пәнінен есепке жүйріктігін дәлелдеп, ІІІ дәрежелі дипломға лайық деп танылды.
     Жан-жақты қабілетті арудың бұдан да басқа жетістіктері жетерлік. Республикалық, халықаралық сайыстардан олжалаған сертификаттарының өзі бір төбе.
   Айзада Жасқайратқызы – мектепішілік мерекелік, қоғамдық шараларға белсенділік таныта жүріп жеткен жетістіктері де көптің таңданысы мен қызығушылығын тудыратыны айқын. Шығармашылық шыңдалуда ізденісті басты меже еткен Айзада музыкалық өнермен де айналысты. Мысалы домбырада түрлі музыкалық шығармаларды орындауға қабілетті. Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінде тәлім алған 5 жыл ішінде 3 жыл бойына тек үздік оқыды.
    Өнерде өресі биік ел үміті, 2014 жылы «Жадыра, жас дарын!» І республикалық фестиваль-конкурсында кіші топта «Домбыра» аспабы номинациясында үздік өнер көрсетіп, дипломант атанып, сол байқаудың орта топ «Вокалдық ансамбль» аталымында үздік шыққаны үшін «Балдәурен» тобымен бірге «Альт» дауысында шеберлігін танытқаны үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
    Адам жанын ізгілікке үндейтін музыка әлемінде шеберлігін шыңдай келе, 2015 жылы «Ақсұңқар» халықаралық фестиваль-конкурсында кіші топта «Домбыра» номинациясында лауреат атағын еншіледі.
      2016 жылы ХІІІ республикалық «Ақ көгершін» байқауында талантын ерекше қырынан көрсете білгені үшін ІІ дәрежелі дипломант мерейлі марапатына қол жеткізген болатын. Міне, осындай өнер биіктерін бағындырудағы бағы бес елі Айзаданың жетістіктері мұнымен толастамайды.
     Сырына ешбір адамзат баласы жетіп болмаған ғылымға да қызығушылығы басым зерек қыз лицейішілік курстардың да қатысушысы. Мәселен, «Робототехника» курсын сәтті тәмамдағандықтан сертификат алды. «Соның нәтижесінде, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы үй жабдықтарының моделін құрастырдым» деп бізге берген сұхбатында баян еткен Айзада ұядағы балапандарына қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлық танытып, қолдау білдірген ата-анасы мен барша ұстаздарына алғыс айтады.
     Әсіресе, сынып жетекшісі – Бақытгүл Қапарқызына және Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінде домбыра аспабынан дәріс берген Аққаным Елемесқызына, музыканың теориясынан және вокалдан берген Әлия Сәрсенқызына, Жолдасқали Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық лицейдегі барлық мұғалімдеріне және сынып жетекшісіне ризашылығы мол.
      Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем беретін ұлы халықтың текті қызы ретінде оның әлі де ағай-апайларын көкке көтеретіні айдан анық.
    Өйткені, Айзада «Ақылды қыз білімге жүгіреді» деген қанатты сөзді берік ұстанады. Барлық жанрдағы (фантастикалық, роман, психологиялық, энцоклопедия) кітаптарды оқып, танымын кеңейтетін оның шабыты шалқар. Шабыты келсе, әдемі әңгімелер мен өлеңдер шығарады, шағын суреттер салады. Сәбилерге ертегі немесе ұйықтар алдындағы тыңдайтын өлеңдерді телефоннан емес, жылулықты сезіндіре алатындай, қоңыр дауыспен құйқылжыта орындау да оның сүйікті ісі.
    «Егер алға қойған мақсаттарыңа соңына дейін жеткің келсе, онда ешкімге бастамасы туралы тіс жарма» деген екен бір ғалым. Сондықтан болашақтағы армандарыма жету үшін олар құпия боп қалсын»», – деп «Мақсатың қандай?» деген біздің қойған сұрағымызға қысқаша жауап қайтарған Айзада Жасқайратқызының басынан бақ кетпесін!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости