Еңсепова Жансая Сериковна

Рейтинг:

БІЛІМДІ ШӘКІРТ – ЕЛ ҚАЗЫНАСЫ

      Мектеп қабырғасында түрлі интеллектуалдық ойындар  арқылы  оқушылардың  ойлау  қабілетін  және қызығушылықтарын  арттыру, кез-келген шәкірттен тұлға жасап шығу – тәлімді де, білімді ұстаздардың қолынан келетін іс. Десе де, тарыдай уытып берген білімді бойға сіңіріп, одан нәтиже шығару үшін қабілет-қарымы жоғары оқушының керегі де сөзсіз.
      Әрі мұндай дарынды оқушылар тақыр жерден жантақ тергендей тым аз-ақ...   Ендеше, әңгімемізге арқау болар талантты шәкіртті алыстан іздеудің қажеті жоқ. Себебі, осынау құрметті атқа білімі мен өнері сайма-сай үлгілі оқушы кім деген сұрақ туындаса, ойланбастан – Еңсепова Жансая Сериковнаны тілімізге тиек етеміз. Дарынды балғынның бақытты балалық шағына қалам сермеудің өзі де қызық-ақ...
      Келешегінен үлкен үміт күттіретін, қанатты арманы алысқа ұшуды көздейтін үлгі тұтар қызымыз, әлімсақтан әйгілі маңғаз дала – Маңғыстау өлкесінің тумасы. Ол - осынау тарихи, шежірелі өңірдің арайлы Ақтау қаласында, 2008 жылы маусым айының 16-шы жұлдызында өмірге келген. 
      Жансая үйінің тұңғышы. Ата-анасының ұзақ жылдар бойы аңсап күткен, сүйкімді сәбиі десек те артық болмас. Ырыс пен мейірімге толы жанұядағы ардақты әкесінің есімі – Енсепов Серик Серикканович.
      Отау құрғалы бері бала-шағасының қамы үшін аянбай тер төгіп, тапқан табысын отбасына жарытатын ақ жүректі, қамкөңіл әке,  ұзақ жылдардан бері көлік жүргізушісі болып қызмет атқарып келеді. Ал, анасы Джарылгапова Алия Карамергеновна – АО «НИПИнефтегаз» кәсіпорнында есепші (бухгалтер) болып жұмыс жасайды. Яғни, бір қолымен отбасын, бір қолымен қызметті адал игеріп отырған мейірбан ана.  
      Жансаяның артынан ерген – Ғайни, Ақмейір есімді ақылды да, ибалы, сұлу қос бірдей сіңілдері және Берекет есімді кенже інісі бар. Үйінің үлкені болғасын ба әйтеуір кішкентай кейіпкеріміз өзінің жас шамасына қарамастан, жанұядағы бауырларына қамқор болуды ерте сезініп өсті. Ата-анасы жұмыста болған шақта ересектерше артынан ерген қараларды өзі қамқорлығына алып, оларға дәйім тамағын беріп, киім киісіне қарап жүреді. Әрі сабақ оқыған шақта да, өз білгенін соларға үйретуге тырысады. Әсіресе, кенже інісі Берекетке көп көңіл бөліп, ерке баланы сөйлеткенді ұнатады. 
      Қолы бос кезде анасына қолғабыс жасап, ас үйдегі шаруаларды реттестіріп отырады. Әлеуметтік желіден түрлі тәтті тағамдар даярлайтын бейне түсірілімдерді көріп, сол арқылы өзі де тәтті тағамдарды жасағанды ұнатады. Одан қалды қос сіңілісіне ақылын айтып, олардың сабақ үлгеріміне көмектеседі. Сіңілдері де Жансаядай алғыр әпкесі бар екеніне қуанып, дәйім жүрген жерлерінде әпкелерінің есімін айтып мақтанып жүреді.
      Мінекей, қарап отырсақ талантты қыз Жансаяның отбасында сондай тәрбиелі, тәлімі мол қыз екендігін байқаймыз.  Ал, оның ақылды, білімді болып өсуіне алдымен ата-анасының және ұстаздарымен, айналасындағы құрбы-достарының тигізген әсері мол.   Анасы Алия қызының алғырлығын бала күнінен байқап, тұңғышының зейінін ашу мақсатында оны ерте жастан мектепке береді. Сөйтіп, Жансая ерте жасынан мектеп табалдырығын аттап, шәкірт атанады. Білім қабырғасында өте жақсы оқып, алғырлығы, талапшылдығымен ұстаздарының көзіне түседі. Апайлары оның қабілет қарымын шыңдап, білімді қыз етіп тәрбиелейді. Бір қызығарлығы білімге құмар шәкірт 1-сыныптан 6-сыныпқа дейін ағылшын тілін меңгеріп келеді. Осындай оқуға деген зейінділігінің арқасында бүгінде,  «IT mektep-litsei» атты білім ордасында ойдағыдай білім алып жатыр. 
      7-сыныбында емтихан тапсырып, жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін, экономикалық лицейге оқуға түсті. Мектеп қабырғасында толағай табыстарға қол жеткізіп келеді. Шәкірт атанған күнінен өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, білім айдынында еркін көсілген білімпаз өрен – түрлі интеллектуалдық білім олимпиадалары мен өнер байқауларының жоғары дәрежелі диплом иегері атанып үлгерген. Осы уақытқа дейін түрлі қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға белсене қатысып, жеңісті шыңдарды бағындыра алды.
      Тіпті, үстіміздегі жылдың ақпан айында Жансая «Приз детского жюри Колибри» атты жүлденің иегері атанды. Бұл қуаныш өнерлі қыздың ата-анасы мен ұстаздары, дос-құрбылары үшін де үлкен мақтаныш еді. Әрі үлгі аларлық жағдай. Дарынды қыз әрбір сайыс додаларында көрерменін таңғалдырып келеді. Лайықты құрметтің өзі де зейінді оқушыны талаптандыра түспек.  
      Жансая сабақтан тыс кезде уақытының текке өткенін қаламайды. Сондықтан, мектепке барып би үйірмесіне қатысады. Мың бұралған өнерлі жеткіншек би тобындағы үздік оқушылардың бірі. Туа біткен бойындағы талантының арқасында, қазіргі таңда, Абай атындағы мәдени демалыс кешеніндегі би үйірмесіне қатысып жүр. Әрі домбыра да тартады. Үйде жүргенде үйренгенін ата-анасымен бөлісіп, жанашырларына қазақ күйлерін сүймелдеп беріп отырады. Дегенмен, осыншама өнерді меңгерсе де кейіпкеріміздің арманы тым басқа. Ол – сапалы білім алып, мектепті ойдағыдай бітіру. Және әлем елдерінің тілін үйреніп, білімін шетелде жетілдіру.
      Олай болса, Жансаяның болашақта шетелде оқып, білікті маман атанып, сол білімін ел игілігіне жұмсағанын қалаймыз.   
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости