Сәрсенбайұлы Нұрсәт

Рейтинг:

ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ

      «Білім, өнер бойдағы сауын болар түбінде» деп дүниенің сырына қаныққан Махмұд Қашқари бабамыз текке айтпаған. Бала кезімде бойға сіңірген өнерім түбінде маған көп бақыт, ырыс-несібе алып келетіні анық. Себебі, өнерлінің өрге жүзері қашанда белгілі. Түрлі образдарға еніп, хан-батырлардың рөлін сомдап, көрерменді тамсандыру – менің шығармашылық шабытымды шыңдап, рухани байлығымды молайта түседі. Сондықтан, ес білгелі түбі жоқ өнер әлемінде қанатымды қомдап, еркін самғап келемін. Ұлтымыздың ұлы мұрасы домбыра үйірмесіне қатысып, екі ішекті аспапта небір туындыларды тартуды, көпке әсем күйді жеткізуді үйрендім. Мектебімде мәдени шараларда осы қабілетімді танытып келемін, бұл менің мүмкіндігімді кеңейтіп, халықтың алдында жігерлендіре түседі. Өскенде актер маманы болуды армандаймын. Актер мамандығында білім алып, тек Қазақстанның сахналарында ғана емес, әлемдік деңгейдегі биік мінберлерде елімнің атын шығарсам деймін. Мен үшін өнерді сүю – өмірді сүю», – дейді 2005 жылдың 6 шілдесінде Маңғыстау облысына қарасты, аққулы Ақтау қаласында дүние келген Сәрсенбайұлы Нұрсәт өнерпаздан қызығушылығы мен арманы жайлы сұрағанымызда.
      Білімнің даңғыл жолын 2007-2011 жылдары аралығында С.Шапағатов атындағы №59 балабақшадан бастаған Нұрсәт 2011-2015 жылдары «Дарын» гимназиясында оқыған болатын. 2015 оқу жылынан №11 мамандандырылған физика-математика мектебіне ауысқан дарынды жігіт бүгінгі таңда 8-сынып оқушысы. Алтын ұясында көптеген қойылымдар мен мәдени іс-шаралардың жеңімпазы. 
      Болашақ мамандығына бала кезінен машықтанған Нұрсәттің түрлі бағыттардағы жетістіктері:
      – Сахналық қойылымдарда Әйтеке бидің, Алдар көседегі байдың, «Бауырсақ» ертегісіндегі шалдың, «Үш торай» әңгімесіндегі үлкен торайдың рөлін сомдап, Қалпе кемпірдің де рөлін сәтті орындаған.
      – 2016 жылы математика пәнінен халықаралық монопәндік турнирде білімімен дараланып, І дәрежелі диплом алды.
      – 2017 жылы Астана қаласында «Астана жұлдыздары» атты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орын иегері атанды.
      – «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесіне орай өткізілген облыстық фестивалде «Көркем сөз» аталымында І орын жеңімпазы атанған. 
      – 2018 жылы Анталия қаласында өткен халықаралық олимпиадада биология пәнінен үздік нәтиже көрсетіп, жоғары ұпай жинағаны үшін ІІІ дәрежелі диплом мен медаль табысталды.
       Ырыс қазығы өнер әлемінің төл баласы Нұрсәттің отбасы:
      «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді», – деп Қорқыт   бабамыз айтқандай, ата жолынан жаңылмай үй тұрғызып, ағаш егіп, болашақта ұрпақ өсіріп, әкесінің ізімен жүруді қалайтын Нұрсәт отбасының  үкілеген үміті.
      Әкесі Қожахметов Сәрсенбай Нұрғалиұлы мұнайшы болса, анасы Тұржанов Кестегүл Орысбасарқызы Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының есепшісі. Ол кісілерден үлгі алып, ат тізгінін қатайтып, алысқа көз тігетін Нұрсәтті бақыт есіктері,   сәтті жеңістері күтеді. 
      Лайым, сол күнге тезірек жетіп, қазақ өнерінде атың алтын әріптермен жазылатын өзің қалағандай актер бол, Нұрсәт Сәрсенбайұлы!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости