Озық ойлы Аделя
«Біз бейбіт елдің бақытты ұрпағымыз. Еліміз – тыныш, аспанымыз – ашық, болашағымыз – жарқын». Иә, бұл сөзді біз көп айтамыз. Еліміз туралы, өзіміз туралы айтар болсақ, ауызға алар тәмсіліміз де осы. Біз сонау өткен дәуірді, яғни, бабаның жүрген жолын, қанды соғысты, ашаршылықты көрмеген бақытты буыннан боламыз. Себебі «азаттық» деген сөздің мағынасын да жіті түсінбейміз. Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасының да басты бағыты сол, жастарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеу.
Осы орайда бүгінгінің жастары бәсекеге қабілетті болу керек деп жатамыз. Сондай жастардың қатары жыл сайын көбеймесе, азаймайтыны рас. Солардың бірі жас та болса «білім- инемен құдық қазғандай» іштей түсінетін Аделя Боранова. Ол - небәрі 8 жаста. Жас қыздың өмірге деген құлшынысы жоғары. Тіпті қазірден алдына мақсат қойып жүр. Әкесі - Әлібек Боранұлы пен анасы - Айнұр Сайлауханқызы білгенін үйретіп, тәрбие беруді басты міндеті санайды. Міндеті емес-ау, парызы! Жалпы ата-ананың бала өміріне әсері орасан. Себебі, тәлімді тәрбиенің арқасында қарапайым отбасыдан шыққан өрендердің ел ісіне араласып, қоғам үшін күш біріктіріп жатқанын көзімізбен көріп те жүрміз. Небір дана да, қол бастаған батыр да сол тал бесікт
ен қазақы тәрбиенің арқасында үлкен жетістікке жеткен. Аделяның анасы - "Халық Банк" АҚ-да жұмыс жасаса, әкесі - жеке кәсіпкер.
Аделяның ата-анасы өздерінің тұңғышынан үлкен үміт күтеді. Болашақта ел жанашыры болсын деп тілейді. Аделяның да мақсаты сол, ата-анасының үмітін ақтау, үдесінен шығу. Сол үшінде ол ең бірінші кезекте сабақ орындауды қояды. Аделяның артында екі сіңілдері бар. Өзінің жасына қарамай, Айару мен Ақниетке қарайласып анасына үнемі қолғабыс етеді. Сіңілдері өскенде оларға сабақ оқытып, алғашқы ұстазы болғысы да келеді. Ол - қазірде Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияда оқиды. Үлгерімі жақсы. Сынып жетекшісі: Ләйлә Сатымбаева да Аделядан үлкен үміт күтеді.
Себебі, басқа балалар ойынға ұмтылса, Аделя бос уақытында өлең, кітап оқығанды құп көреді. Мектепте берген тапсырманы уақытылы орындап, жақсы баға алуға талпынады. Жас болса да бас болуға асыққан бала қыранның өмірі әлі алда. Сондықтан, ата-анасының көз қарашығына айналған «періште қыздың» болашағынан біз де үлкен үміт күтеміз. Жас буынның бетін қақпай белін буған жөн. Бұл бүгінгі күннің басты мәселесі десек те болады.
Себебі қай кезеңде болмасын аға буын мен жас буынның арасында түрлі сұрақтар туындайды. Оның ішінде жастарға сын көзбен қарайтындар да аз емес. Сол үшін де бүгіннен бастап жастардың қанаты қатайғанша қолдау көрсетіп, мақсатын жоспарлауға көмектесу қажет. Балаларына тәлім тәрбие беріп, жөн сілтеуді қашан да басты орынға қоя білетін жас отбасы да мұның бәрін жақсы біледі.