Алимжан Гулим

Рейтинг:

       Сыр өңірі – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, абыз Қорқыт ата, «поэзия патшасы» атан-ған Әбділда Тәжібаев, ақын Асқар Тоқмағанбетов, Зейнолла Шүкіров, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Нартай Бекежанов, Бекұзақ Тәңірбергенов сын-ды жыраудың мекені. Қазақ халқына тән тазалық пен ұқыптылықты, еңбекқорлықты бойына сіңіріп өскен дүлдүлдердің жалғасы Гүлім Бахытқызы 2005 жылдың 24 қыркүйегінде Сырдың сұлу топырағында дүниеге келді. Гүлім 2009 жылы «Парасат» мектебіне қарасты балабақшаға төрт жасында барады, екі жылдан кейін осы мектептің бірінші сыныбына қабылданып, төртінші сыныпқа дейін «үздік» бағамен оқиды. 2015 жылы №15 мектеп-лицейінде оқуын жалғастырып, бесінші, алтыншы, жетінші сыныпты «үздік» бағамен бітіреді. Дарабоз оқушы мектеп партасынан бастап барлық пәндерді жақсы оқып, пәндік олимпиадаларда елеулі жетістікке жеткен.
        Әулетте тірлігі де, бірлігі де берік ағайынға айналып, ынтымағы жарасқан отбасында Гүлім – ең кенжесі. Арқа сүйер екі ағасы, сырлас бір тәтесі бар. «Әке көрген – оқ жонар» деген дана халқымыз. Бала кездерінде еңбекпен біте қайнасқан өнегелі отбасы мүшелері – қазіргі таңда табысты жандар. Үйдің тіреушісі Бахыт Әлімжанұлы – «Петро Казахстан» акционерлік қоғамының «Транспорт» бөлімінде 1987 жылдан бері диспечер болып жұмыс жасайды. Анасы Ляззат Расуллақызы – «Interteach» клиникасында бас есепші. Әр ата-ананың, әр отбасының арманы – өмірге ұрпақ әкеліп, оларды лайықты тәрбиелеп өсіру екені сөзсіз. «Ағаны көріп, іні өсер, апаны көріп, сіңлі өсер» дейді халық даналығы. Үш баланы тәрбиелеп отырған ағасы Самат Бахытұлы – «Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемесінде бөлім басшысы болып қызмет жасайды. Ал, кіші ағасы Сағат Бахытұлы – жеке кәсіпкер, Тәтесі Әлімжан Айым – Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.
       «Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – дейді Ыбырай Алтынсарин. Сыйластығы жарасқан мерейлі отбасы – тату-тәтті өмір сүреді.
        Гүлімнің шынайы байлығы – таланты, осы талантын дамытуға деген қабілеттілігі.
       Қабілетті шәкірт алғашқы марапатын 2013 жылы облыстық математикадан өткен сайыста ІІІ орын алумен бастады. 2014 жылы «Парасат» мектебінде өткен сайыста қарсыластардан оза шауып, «Лидер XXI» атағын алды. 2015 жылы республика көлемінде қазақ тілі пәні бойынша өткен сайыстан ІІІ орын, 2016 жылы «Бобер» республикалық информатика пәнінен өткен байқауда ІІІ орын, 2016 жылы биология пәні бойынша республикалық жарыста ІІ орын, 2017 жылы тарих пәнінен республикалық «Золотое руно» конкурсында ІІІ орын, 2018 жылы биология пәні бойынша қалалық олимпиадада ІІІ орынмен марапатталды.
      Гүлім ата-анасының, ұстаздарының, аға-әпкелерінің мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бойына адамгершілік қасиеттерді салт-дәстүр, қазақ халқының мақал-мәтелдері, нақыл сөздерін, айтыс өлеңдері арқылы сіңіріп, құрдастарының ортасында көшбасшы болғысы келеді. Бірнеше тілді меңгеріп, болашақта білікті, сұранысқа ие маман иесі болғанын қалайды. Ал, мұндай жетістікке жетер жолдың қайнар бастауы – жақсы оқу екенін жадынан шығармайды. «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деп Аристотель айтқандай, білім мен өнер – шәкірт болашағының жарқын болуының бірден-бір кепілі. Оқу – білімсіз өнер де жоқ. Білікті маман иесі болу үшін де, ең алдымен, білім керек екенін Гүлім жақсы біледі. Үздік оқушының марапаттары – ертеңгі азық, өмірдің сәні, тіршіліктің шамы.
          Арманшыл жастың алар асуы, жетер жетістігі де әлі алда. Тек биіктен көрін, жас дос!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости