«АДАМНЫҢ ЕҢ БИІК ЖЕТІСТІГІ – АДАМГЕРШІЛІК БОЛМЫСЫ»
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» дей отырып, спорт пен дене шынықтыруды дамытуды басты назарға алу керектігі айтылады. Кез келген адам өмірде алға қойған мақсатына, табысқа жету үшін, дені сау болуы керек. Денсаулықты жас кезден сақтаған жөн. Жас күнінен шынықса шымыр болатындарын ұғынып, атан-анасының бағыт-бағдарымен спорттың саңлағы, сайыпқыраны атанып жүрген қос ұлан Мұратұлдары Темірлан мен Арыстан отбасының мақтанышы, ұстаздары мен жолдастарының мақтанышы. «Арман қала» - Нұр-Сұлтан қаласының қос өрені Темірлан 2006 жылы 22 тамызда, А
рыстан 2008 жылы 22 шілдеде дүние есігін ашқан. Бүгінгі уақытта Темірлан №61 қазақ орта мектебі 7-сыныбының, Арыстан 5-сыныбының белсенді шәкірттері. Бақыт – балалы үйге қонады. Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Айбарлы ұлдар Темірлан мен Арыстан да – көпбалалы отбасының перзенттері. Ынтымағы мен берекесі жарасқан отбасының қос бәйтерегі – отбасы тірегі, әкесі Асқаров Мұрат пен аяулы анасы Аманжолова Мархабат. Ардақты ата-аналары адамның ең үлкен жетістігі: адамгершілік, сыйластық, бауырмалдық екенін үнемі перзенттеріне айтып, өнегелі тәрбие көрсетіп отырады. Жылы ұяда тәлім-тәрбие алып отырған әпкесі Аружан Мұратқызы мен сүйкімді қарындасы Нұғман Айшолпан – жалын жүректі, құрыш білекті бауырларын мақтан тұтады. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, бағы да бабы да келіскен қос өреннің спорт саласында жеткен жетістіктері – мақтан тұтуға лайық табыстар.
Талабы таудай жастарды бақыт пен шаттыққа бөлеген жетістіктер желкені – тынымсыз әрекет көрінісі.
Даналық ой иесі, америкалық жазушы Элберт Хаббарт: «Армандар орындалады. Ол үшін екі нәрсе міндетті түрде керек: айқын мақсат пен азғантай ғана уақыт» демей ме?! Ал, біздің зерек ойлы, білімдар дарабоздарымыз осы қағиданы басшылыққа алып, зеңгір аспан төсінде қыранша тегеурінді қанатын қағып, биікке самғап келеді.
Нугманов Темірланның жетістігі: Нұр-Сұлтан, Қарағанды қаласында өткен ҚР чемпионатында екі мәрте І орын жеңімпазы; «Қазақ батыры» турнирінде І орын жеңісі; «Астана Ореn – 2018» турнирінде каратэ І орын тұғыры; Алматы қаласы чемпионатында Ашихар-каратэ турнирінде І орын дәрежесі; Тараз қаласында өткен Азия чемпионатында І орын тұғыры; «Жігіт сұлтаны – 2018, 2019 жылдары» Бас Жүлде иегері; Бастауыш сыныбы оқушылары «Шебер қолдар» көрмесінде ІІ орын Мадақтамасын иеленген.
Сүйікті ісі: Ағылшын тілін терең үйрену. Домбыра тарту. Каратэмен жаттығу.
Арманы: Жоғары білім ала отырып, «Өрт сөндіруші» маманы атану.
Нұғман Арыстан жетістігі: ҚР чемпионатында каратэ турнирінде І орын жеңімпазы, «Қазақ батыры» турнирінде І орын жүлдесі; «Астана Ореn – 2018» турнирінде каратэ І орын тұғыры; Нұр-Сұлтан қаласы, Евразия чемпионатында І орын дәрежесі;
Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында ІІ орын жүлдегері; Тараз қаласында өткен Азия чемпионатында І орын тұғыры; «Мен және отбасым» мектепішілік жарыста І дәрежелі Диплом жеңімпазы.
Сүйікті ісі: Домбыра тарту. Суға шомылу. Каратэмен жаттығу.
Арманы:Жоғары білімді азамат атанып, полиция қызметкері болу.