Кез келген мемлекеттің туы екі жағдайда өзге елде көтеріледі. Соның бірі – спорттық додада. Спорт – еларалық додаларда ел намысын қорғап, туған жерің үшін қызмет етуге таптырмас мүмкіндік сыйлайтын сала. Осы бағытта 9 жылдан бері тер төгіп жүрген жас буын Усенова Гүлмира Қайратқызы 6 дүркін Қазақстан чемпионы, 3 дүркін Орталық Азия чемпионы. Бірнеше рет халықаралық турнирлердің чемпионы атанған. Бүгінде М.Әуезов атындағы университеттің 3-курс студенті Гүлмира Қайратқызы 1999 жылы 11 қыркүйек айында Шымкент каласында дүниеге келеді. Көпбалалы отбасының алғашқы перзенті, екі сіңлісі мен үш інісіне үлгілі әпке. Бауырларының сабағына көмектесіп, қолдау білдіріп отырады. Ата-анасы да қыздарының әрбір жарысында үйде отырып тақымын қысып, жеңіспен оралатынына сенім білдіріп келеді. Жанұялық махаббатына бөленген Гүлмира сол үшін де бақытты. Отбасы бір бақыт болса, олардың амандығы спортшыға еселенген қуаныш пен шаттық сыйлайды.
2005 жылы №77 Асанбай Асқаров атындағы мектепке оқуға барған бойжеткен каратэ-до спорт үйірмесіне 4-сыныптан қатысады.
Техникалық ептілікті талап ететін каратэ үйірмесіне баруына еркелігі себеп болды. Өзін-өзі қорғасын деген мақсатпен «Диагностика» спорт кешеніне алғашқы жаттықтырушысы Алмахан Беріктің жетелеуі де – ықпал еткен болатын. Ұстазы Гүлмираны аз уақыт жаттықтырса да, шәкіртін жоғары жетістіктерге жеткізді.
Жетекшісіз біраз уақыт дайындалып жүргенде, араға уақыт салып, Исабаев Данияр Шыңғысұлы атты жаттықтырушы дарынды қызды Қазақстан чемпионатына алып барады. Жолы сәтті болып, (12-13 жас аралығындағы 45 кг салмақ дәрежесі) додада І орынмен олжаға кенеледі.
2013 жылы Орал және Дубай қалаларында өткен Азия чемпионатында, Испанияның Мадрид қаласындағы іріктеу чемпионатында 47 кг салмақта І орынды еншілеп, еліміздің көк байрағын көкке көтереді. Бұл – спортшы арудың үлкен спортқа басқан алғашқы жарысы. Түрлі қалаларды көріп, өз елінің туын биікке көтеріп, жеңіс тұғырынан көрінген сайын, жас спортшының Отанына деген махаббаты, патриоттық сезімі салмақтана бастады. «Ұлт абыройы», «ұлт намысы» деген қасиетті ұғымдарды жанына жалау етіп, соның аясында көкірегіне қайсарлық рухын ұялатты.
2014 жылы Тайландта өткен халықаралық дәрежедегі турнирде ІІ орынға табан тіреді. Дәл осы жарыстан кейін спортшы қыздың жаттықтырушысы спорт мектебінің мақтанышы атанып, мектеп директоры лауазымына жоғарылады. Орнына шәкірті Мамешов Нұржанды аға жаттықтырушы етіп тағайындады. Содан бері оны Нұржан бапкері жаттықтырып, спорттың қыр-сырына баулуда. Әрқашан ізденісте жүретін тренері өте талантты, өз ісінің майталманы.
2015 жылы Жапонияның Нагоя қаласында Әлем кубогы өтіп, байрақты бәсекеде жапон қызына 3-2 есебімен есе жіберіп қойды. Десе де, бұл жеңіліс оның рухын түсірмеді. Қайта жеңіске ынталандыра түсетін үлкен тәжірибе болды.
2016 жылы Гүлмира Қайратқызы Қазақстан чемпионатында 53 кг салмақта І орын еншіледі. Индонезияның Макассар аймағындағы Азия чемпионатының іріктеу турына командасымен бірге барып, мықты спорт өнерін көрсетті. Щючинсктегі оқу-жаттығу жиынына барып, Индонезиядағы жарыста Қазақстан құрамасы бойынша оның командасы 8 медальды қоржынына салды. Сол жарыста батыр қыз қола жүлдегер иесі атанды.
2017 жылы каратэден ересектер сапына өтті. Тараз қаласында өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында 2-орынға иек артты.
2018 жылы Алматыдағы «Kazahstan Open» турнирінде І орын, Амман қаласындағы ересектер жарысында командалық кумите бағдарламасы бойынша оның тобы ІІ орынға шықты. Аталған спорттың бұл түрінен осы уақытқа дейін финалға шықпаған спортшы қыздар үшін, бұл жеңіс – тарихи сәт еді.
– Каратэ спорты әлем елдері бойынша қарқынды дамуда. Ешқандай елді осал дей алмаймыз. 2020 жылы Токиода болатын олимпиадаға дайындық жасаудамыз. Бізге осындай мүмкіндік бергенде, артылған үмітті ақтауымыз керек. Спорт федерациясына көп алғыс айтамын. Бізге қазір көп жағдай жасап отыр. Тек ел үмітін, жаттықтырушылар еңбегін ақтап, жақсы нәтиже көрсетсек болды, – дейді чемпион Гүлмира Қайратқызы.
Болашағына сеніп, алдағы додалардың дайындығына білек сыбана кіріскен спортшының боз кілем төріндегі беделі жастық екпінімен қарқындай берсін! Көкке бойлаған көк туы дода төрінде желбірей береріне сенім мол!