Өмір арнасында талантымен танылып, қияға қанат қағатын Қазақстандай байтақ мемлекеттің барша ұландары биік белестерді бағындыруға лайық. Ата-анадан тәлімді тәрбие, ұлағатты ұстаздардан білім алған жас өрендер болашақта ел тізгінін ұстап, мемлекеттің әлеуетін көтеруге үлес қосқысы келеді.
«Елім маған не береді емес, мен еліме не беремін?» дейтін, ұлтын сүйетін ұлан Халелов Айбек Кайыргалиұлы 2004 жылы 18 мамырда мұнайлы өлке Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының Қиғаш Ақкөл ауылында өмір есігін ашты.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бекер айтылмаған. Дәл осы сөз «Әке көрген – оқ жонар» деген сөздің мағынасын терең түсінетін Айбек Кайыргалиұлына арналғандай. «Жақсыдан жақсы туады» дегендей, тәрбиелі өрен – жақсы әкеден тараған текті ұрпақ. Болашақта еліне пайдалы азамат болуды көздейтін қазақ ұланы зиялы, перзентінің бақыты үшін еңбек ететін ата-анасын үлгі тұтады.
«Бала тәрбиесінің ең маңыздысы – жас ұрпақты еңбекке баулу. Еңбекқор жас қана өмірде үлкен азамат болады», – дейді әйгілі қазақ жазушысы Ә.Нұршайықов. Адамгершілігі мол, сөзге берік, ұстанымы жоғары, еңбексүйгіш әкесі Кайыргали – бақытын еңбектен тапқан абыройлы азамат, отбасының тірегі. Жүрегі дарқан, жаны таза, көңілі көркем, шуағы мол, ізгі ниетті мейірбан анасы Лена – адалдық пен ізгіліктің ақ жолынан айнымайтын ұлағаты мол жан.
«Өзін тәрбиелей білмеген – өзгеге үлгі бола алмайды». Бұл – қанатты сөз Айбектің ардақты атасының үнемі айтып отыратын өсиеті. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, оның бойындағы ибалық, ізеттілік пен адамгершілік қасиеттері нағашы атасы мен әжесінің тәлімді тәрбиесінен басталғаны анық.
«Отбасым – менің қорғаным. Өз отбасымды жақсы көремін, Асқар тау әкем Кайыргали мен аяулы анам Лена – «Магистральный Водовод» ЖШС-де жұмыс істейді. Олардың үмітін ақтап, келешекте өмірге кірпіш болып қаланып, ата-анамның мақтанышына айналуды қалаймын. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» деген тәмсіл бар. Нағашы атам мен әжем – кемел кісілік биігіндегі асыл жандар. Көргені көп атам Қуанышев Сұлташ пен ақ жаулығын кір шалмаған асыл әжем Байсырымова Қамалия Құмарқызы – Қазақ ССР «Оқу ағарту ісінің» озат қызметкерлері, көптеген марапат иелері. Саналы ғұмырларының ұзақ жылдарға жалғасқан табысты еңбек жылдарында талай белестерден өтіп, мемлекет дамуына үлес қосқан. Ағарту саласында, қоғамдық, мемлекеттік жұмыстардың іске асуына өлшеусіз үлес қосқан кісілерді өзіме үлгі тұтамын, қадірлеймін», – дейді Қазақстан болашағы отбасы жайлы өз жазбасында.
«Тәлімді тәрбие мен терең білімім – жетістікке жетудің басты қағидасы» деп есептейтін зерек ойлы шәкірт жан-жақты білім алуға құштар. Қазіргі таңда дарынды балаларға арналған «Дарын» облыстық мектеп-интернатында жетістікке жетелейтін білім көкжиегін біртіндеп бағындырып жүрген талапты шәкірт Халелов Айбек – көптеген зияткерлік сайыстардың, білім бәйгелерінің жүлдегері.
Әрбір оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп директорының шешімімен «Өте жақсы оқығаны және үлгілі тәртібі үшін» деген Мақтау қағаздарымен марапатталуда. Марапат биігіне шыққан сайын, ата-анасының мерейін үстем ететін жас дарын ешқашан жігері жасымау, рух мықтылығын сақтау – нағыз ер жігіттің белгісі деген ұстанымда.
«Білгенге маржан» деген ұстанымдағы ұлағатты ұлан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және бас қала күніне арналған «Realsport» спорт кешенінде өткен турнирге қатысқаны үшін марапатталып, «Ақбота» интеллектуалдық марафонында жоғары білім деңгейін көрсеткені үшін Сертификат еншілеген. Білімпаз оқушының бұдан да басқа жетістіктері жеткілікті.
Ойы жүйрік, қиялы ұшқыр шығармашыл шәкірт 2014 жылы М.Ю.Лермонтовтың 200 жыл-дық мерейтойына орай ұйымдастырылған орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәні апталығында белсенділігі үшін Алғыс хат еншілеген.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін білімді ұлан 2016 жылы Құрманғазы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай «Спорт экстремизмге және терроризмге қарсы» тақырыбында спорттың қазақ күрес түрінен өткен топаралық жарыста 36 кг салмақта жүлделі І дәрежелі дипломымен марапатталды.
2017 жыл тағы да «Спорт экстремизмге және терроризмге қарсы» тақырыбында спорттық қазақ күрес түрінен өткізілген топаралық жарыста 40 кг салмақ дәрежесі бойынша ІІІ орынға қол жеткізді.
«Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға» деп ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, әр адамның жан дүниесінде тамыр жайған арманы бар. Менің арманым – атақты спортшы атанып, табысты тұлға болып, туған жерім Қиғаш елдімекенінде балалар мен жасөспірімдерге арнайы спорт мектебін ашу», – дейді арманы жайлы қабілетті жас өз жазбасында.
«Жаста оқыған білімің тасқа жазғанмен бірдей» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырған, өзін рухани-ғылыми-мәдени қырынан жетілдіріп отыруға тырысатын тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатар оғлан Халелов Айбектің жігері мықты, рухы аласармас таудай болып, армандарының орындалуына тілектеспіз.